Алынды: 2026 жылғы 13 cәуір
Қабылданды: 2026 жылғы 16 мамыр
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 маусым
ӘОЖ: 618.2:616.25-002.5
DOI: 10.26212/2227-1937.2026.29.95.008
ЖҮКТІЛІК КЕЗІНДЕГІ ТУБЕРКУЛЕЗДІ ПЛЕВРИТ ДИАГНОСТИКАСЫНЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ (клиникалық жағдай)
Бищекова Б.Н.¹, Кожабекова Т.А.¹, Али Г.А.¹, Шүкирбаева А.С.¹,
Бектас А.Ж.¹, Сайлау Ж.Ж.¹, Уксикбай К.Ж.¹
1С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті,
Алматы қ, Қазақстан Республикасы
Кіріспе. Жүктілік кезіндегі туберкулез (ТБ) фтизиатрлар мен акушер-гинекологтар үшін күрделі мәселе болып табылады. Бұл кезеңде ұрықты сақтауға бағытталған иммундық бейімделу (Т-лимфоциттердің белсенділігінің төмендеуі) туберкулез процесінің жандануына немесе атипиялық ағымына алып келуі мүмкін. Плевралық туберкулез өкпеден тыс туберкулездің жиі кездесетін түрі болғанымен, жүкті әйелдерде оның клиникалық көрінісі көбіне бейспецификалық болып келеді. Бұл мақаланың жаңалығы мен практикалық құндылығы – спецификалық белгілері жоқ жүкті әйелде заманауи иммунологиялық (QuantiFERON) және молекулалық-генетикалық (GeneXpert) әдістерді қолдану арқылы плевриттің туберкулездік этиологиясын ерте анықтау жолдарын көрсетуінде.
Клиникалық жағдайдың сипаттамасы. Пациент Д., 33 жаста, бірінші жүктілік, 37 апта мерзімінде перзентханаға мұрын бітелуі, құрғақ жөтел, ентігу және жалпы әлсіздік шағымдарымен түсті. Алғашқы клиникалық бағалауда науқасқа «ЖРВИ, трахеобронхит» диагнозы қойылды. Анамнезін тереңдете тексеру барысында науқастың туберкулезбен ауыратын әпкесімен тығыз байланыста болғаны анықталды. Физикалды тексеруде дене температурасы 37,5 °C, сатурация 96% болды.
Диагностикалық бағалау. Диагнозды нақтылау мақсатында кешенді зерттеу жүргізілді. Сәулелік диагностика: Кеуде қуысының рентгенографиясы мен УДЗ нәтижесінде сол жақты гидроторакс анықталды. Компьютерлік томография (КТ) сол жақты қапшықталған плеврит пен созылмалы бронхит көрінісін көрсетті. Микробиологиялық зерттеу: Қақырықты бактериоскопиялық және молекулалық-генетикалық (GeneXpert) зерттеу нәтижелері теріс болды. Иммунологиялық диагностика: Туберкулез процесіне негізгі күдік QuantiFERON тестінің оң нәтижесінен кейін туындады. Инвазивті диагностика: Плевралық пункция жасалып, 975 мл серозды сұйықтық алынды. Сұйықтықты GeneXpert MTB/RIF әдісімен зерттеу барысында Mycobacterium tuberculosis ДНҚ-сы анықталып, диагноз түпкілікті дәлелденді.
Емдеу тактикасы және босандыру. Консилиум шешімімен пациентке кешенді (антибактериалды, гормоналды және қақырық түсіретін) терапия тағайындалды. Акушерлік тактика ретінде ұрықтың жетілуін ескере отырып, 38 аптада босануды индукциялау (окситоцин) және күшену кезеңін қысқарту үшін вакуум-экстракция әдісін қолдану таңдалды.
Нәтижелер және бақылау. Салмағы 3822 г, Апгар шкаласы бойынша 7-8 баллдық тірі ер бала дүниеге келді. Босанғаннан кейінгі үшінші тәулікте анасының жағдайы тұрақталған соң, ол спецификалық ем алу үшін Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығына (ҰҒФПО) ауыстырылды.
Талқылау. Бұл жағдай туберкулездік плевриттің жүктілік кезіндегі «маскаланған» ағымын көрсетеді. Негізгі диагностикалық қиындық — қақырықта микобактериялардың болмауы және клиникалық белгілердің қарапайым бронхитке ұқсастығы. КТ және УДЗ плеврада сұйықтықты анықтағанымен, этиологиясын нақтылауда QuantiFERON сынамасы мен плевра сұйықтығының GeneXpert талдауы шешуші рөл атқарды. Бұл мультидисциплинарлық тәсілдің маңыздылығын дәлелдейді.
Қорытынды. Жүктілік кезінде дамыған плеврит фтизиопульмонологтар мен акушерлерден жоғары клиникалық сақтықты талап етеді. Микробиологиялық зерттеулердің сезімталдығы төмен болған жағдайда, плевра сұйықтығын молекулалық-генетикалық әдіспен тексеру диагнозды уақтылы қоюға және ана мен бала үшін қолайлы перинаталдық нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Түйінді сөздер: туберкулез, плеврит, жүктілік, QuantiFERON, GeneXpert, босану.
