Алынды: 22.04.2026
Қабылданды: 18.05.2026
Онлайн жарияланды: 30.06.2026
ӘОЖ: 616.24-002.17-036.1-037
DOI: 10.26212/2227-1937.2026.60.22.009
ӨКПЕНІҢ ИНТЕРСТИЦИАЛДЫ АУРУЛАРЫНЫҢ ҚОЛАЙСЫЗ АҒЫМЫНЫҢ ҚАУІП ФАКТОРЛАРЫ МЕН ПРЕДИКТОРЛАРЫ: ӘДЕБИЕТКЕ ШОЛУ
Жәділ А.Д. ¹,², Касенова С.Л. ¹, Винников Д.В. ³, Авдеев С.Н. ⁴,
Тулеутаев Р.М. ¹, Кайбуллаева Д.А. ¹, Калыкова М.Б. ¹
¹ «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ, Алматы, Қазақстан
² С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Алматы, Қазақстан
³ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан
⁴ И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университеті
(Сеченов университеті),
Мәскеу, Ресей Федерациясы
Кіріспе. Өкпенің интерстициальды аурулары (ӨИА) өкпе паренхимасының қабынуымен және/немесе фиброзымен сипатталатын гетерогенді аурулар тобы болып табылады және жиі үдемелі тыныс жеткіліксіздігіне әкеледі. Пациенттердің едәуір бөлігінде қолайсыз болжаммен байланысты үдемелі фиброздаушы фенотип қалыптасады.
Мақсаты. Өкпенің интерстициальды ауруларының прогрессиясына әсер ететін қауіп факторлары мен қолайсыз ағымының предикторлары туралы заманауи деректерді талдау.
Материалдар мен әдістер. Жұмыс нарративті әдеби шолу ретінде орындалды. Жарияланымдарды іздеу PubMed, Scopus, Web of Science, Cochrane Library және Google Scholar дерекқорларында негізінен 2015-2025 жылдар аралығында жүргізілді. Іздеу барысында өкпенің интерстициальды аурулары, үдемелі өкпе фиброзы, қауіп факторлары, функционалдық, радиологиялық және зертханалық предикторлар бойынша орыс және ағылшын тілдеріндегі түйінді сөздер қолданылды. Шолуға 50 дереккөз енгізілді: жүйелі шолулар, мета-талдаулар, когорттық зерттеулер, регистрлік деректер, клиникалық ұсынымдар және сараптамалық консенсустар.
Нәтижелері. ӨИА прогрессиясының ең маңызды және қайта жаңғыртылатын предикторларына өкпенің мәжбүрлі тіршілік сыйымдылығының (ФЖЕЛ) төмендеуі, өкпенің көміртек монооксиді бойынша диффузиялық қабілетінің (DLCO) төмендеуі, жоғары ажыратымдылықтағы компьютерлік томография (ЖАКТ) деректері бойынша фиброздық өзгерістердің үдеуі, тракциялық бронхоэктаздардың, «ұялы өкпенің» және әдеттегі интерстициальды пневмония паттернінің болуы жатады. Қосымша болжамдық мәнге клиникалық нашарлау, ентігудің күшеюі, физикалық жүктеме кезіндегі десатурация, алты минуттық жүру тесті қашықтығының қысқаруы, егде жас, темекі шегу, сондай-ақ кәсіби, тұрмыстық және экологиялық ингаляциялық әсерлер ие. Зертханалық және молекулалық маркерлер қауіп-қатерді бағалауды толықтыра алады, алайда олардың көпшілігі күнделікті клиникалық тәжірибеде дербес қолдану үшін жеткілікті стандартталмаған.
Талқылау. ӨИА-ның қолайсыз ағымы бір ғана оқшауланған фактормен емес, функционалдық, радиологиялық, клиникалық, экспозициялық және зертханалық параметрлердің жиынтық әсерімен анықталады. Идиопатиялық өкпе фиброзында өкпе функциясының төмендеуі және әдеттегі интерстициальды пневмония паттернінің болуы көбіне қайтымсыз фиброздануды көрсетеді және нашар болжаммен байланысты. Дәнекер тіннің жүйелі ауруларымен байланысты ӨИА кезінде осы көрсеткіштердің түсіндірмесі өзгермелі болуы мүмкін, себебі ауру ағымы жүйелі қабыну процесінің белсенділігіне және емге жауапқа тәуелді.
Қорытынды. ӨИА прогрессиясын ерте кезеңде анықтау үшін көпфакторлы қауіп стратификациясы қажет. Пациенттерді практикалық бақылауға ФЖЕЛ, DLCO, клиникалық симптомдар, физикалық жүктемеге төзімділік, жүктеме кезіндегі десатурация және ЖАКТ бойынша фиброз белгілерін динамикалық бағалау енгізілуі тиіс. Кәсіби, тұрмыстық және экологиялық анамнезді толық жинау маңызды. Функционалдық, радиологиялық, клиникалық, экспозициялық және зертханалық параметрлерді біріктіретін болжамдық модельдерді әзірлеу және валидациялау перспективалы бағыт болып табылады.
Түйінді сөздер: өкпенің интерстициальды аурулары; үдемелі өкпе фиброзы; қауіп факторлары; өкпенің мәжбүрлі тіршілік сыйымдылығы; жоғары ажыратымдылықтағы компьютерлік томография.
