БЕЛСЕНДІ ТУБЕРКУЛЕЗ БЕН ЛАТЕНТТІ ТУБЕРКУЛЕЗДІ ИНФЕКЦИЯНЫ АЖЫРАТУДАҒЫ ИММУНДЫҚ БЕЛСЕНУ ЖӘНЕ ХЕМОКИН БИОМАРКЕРЛЕРІН ЗЕРТТЕУДІҢ БИБЛИОМЕТРИЯЛЫҚ ТАЛДАУЫ

Алынды: 10.06.2026

Қабылданды: 19.06.2026

Онлайн жарияланды: 30.06.2026

ӘОЖ: 616.24-002.5-078

DOI: 10.26212/2227-1937.2026.98.76.003

 

БЕЛСЕНДІ ТУБЕРКУЛЕЗ БЕН ЛАТЕНТТІ ТУБЕРКУЛЕЗДІ ИНФЕКЦИЯНЫ АЖЫРАТУДАҒЫ ИММУНДЫҚ БЕЛСЕНУ ЖӘНЕ ХЕМОКИН БИОМАРКЕРЛЕРІН ЗЕРТТЕУДІҢ БИБЛИОМЕТРИЯЛЫҚ ТАЛДАУЫ

Алмагамбетова А.С.1, Дильмагамбетов Д.С.1, Ермекбаева К.Ж.1, Адилова А.У.2, Танжарыкова Г.Н.1, Жалимова О.А.1, Капашева Л.К.2

1«Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті» КеАҚ, Ақтөбе, Қазақстан

2ШЖҚ «Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы» КМК, Ақтөбе, Қазақстан

 

Кіріспе. Иммунологиялық биомаркерлер белсенді туберкулезді латентті туберкулезді инфекциядан ажырату мақсатында барған сайын кеңінен зерттелуде. Алайда осы мамандандырылған ғылыми бағыттың құрылымы мен даму ерекшеліктері әлі де жеткілікті деңгейде сипатталмаған.

Мақсаты. Туберкулезді диагностикалық ажыратуда қолданылатын иммундық белсену және хемокин биомаркерлеріне арналған зерттеулердегі жарияланымдық белсенділік үрдістерін, дәйексөз келтіру көрсеткіштерін, жетекші авторлар мен ғылыми орталықтарды, сондай-ақ тақырыптық дамуды бағалау.

Материалдар мен әдістер. Библиометриялық талдау Web of Science және Scopus дерекқорларынан алынған жарияланымдар негізінде жүргізілді. Іздеу 1978–2025 жылдар аралығында жарияланған түпнұсқа ғылыми мақалаларды қамтып, туберкулезге, жасырын туберкулездік инфекцияға, белсенді туберкулезге, диагностикалық тиімділікке және HLA-DR, CD38, MCP-1/CCL2, RANTES/CCL5 сияқты биомаркерлерге бағытталды. Қайталанатын жарияланымдарды алып тастау және іріктеу критерийлеріне сәйкестігін бағалаудан кейін талдауға 83 түпнұсқа мақала енгізілді. Библиометриялық талдау мен деректерді визуализациялау R бағдарламасының (нұсқа 4.5.2) bibliometrix пакетінің Biblioshiny модулі арқылы, RStudio бағдарламасы (нұсқа 2026.01.0+392) көмегімен орындалды.

Нәтижелер. Қорытынды деректер жиынтығына 49 ғылыми басылымда жарық көрген және 662 зерттеуші авторлық еткен 83 мақала енгізілді. Бір мақалаға шаққандағы орташа авторлар саны 8,94 болды, ал халықаралық бірлескен авторлықтың үлесі небәрі 2,41%-ды құрады. Бір жарияланымға шаққандағы орташа дәйексөз саны 43,92 болды. Ең өнімді ғылыми ұйымдар Кейптаун университеті мен Эмори университеті болды. Зерттеу нәтижелерін жариялауда жетекші орын алған журналдар – PLoS One, Frontiers in Immunology және Tuberculosis. Кілт сөздердің бірге кездесуін талдау туберкулез, биомаркерлер, цитокиндер, Mycobacterium tuberculosis және латенттті туберкулезді инфекция негізгі тақырыптар болғанын көрсетті.

Талқылау. Алынған деректер бұл зерттеу бағытының жекелеген иммунологиялық бақылаулардан туберкулез диагностикасындағы құрылымдалған биомаркерге бағытталған тәсілге қарай дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық бірлескен авторлық деңгейінің төмендігі және жарияланымдық белсенділіктің шектеулі ғылыми ұйымдарда шоғырлануы көпорталықты валидацияны, аналитикалық хаттамаларды біріздендіруді және әртүрлі популяцияларда биомаркерлердің диагностикалық тиімділігін бағалау критерийлерін стандарттауды қажет етеді.

Қорытынды. Туберкулезді диагностикалық ажыратуға арналған иммундық белсену және хемокин биомаркерлерін зерттеу – мамандандырылған, бірақ ғылыми маңызы жоғары бағыт болып табылады. Қалыптасқан дәлелді база тақырыптық шоғырланумен, зерттеу белсенділігінің жекелеген ғылыми орталықтарда топталуымен және халықаралық ынтымақтастықтың шектеулілігімен сипатталады. Бұл көпорталықты зерттеулерді кеңейту және әдіснамалық тәсілдерді стандарттау қажеттілігін көрсетеді.

Түйінді сөздер: туберкулез, латентті туберкулезді инфекция, хемокиндік биомаркерлер, иммундық белсену биомаркерлері, диагностика.

количество просмотров / 👁 56

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған