Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған халықаралық қатысумен өтетін республикалық ғылыми-практикалық конференция.

2024 жылғы 20 наурызда Алматы қаласында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған «Біз туберкулезді жеңе аламыз!» ұранымен халықаралық қатысумен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтуде.

Конференцияны Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, «Қазақстандық фтизиопульмонологтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасында 2023–2025 жылдарға арналған «Туберкулез» компоненті бойынша Жаһандық қор грантын іске асыру тобы, сондай-ақ «Денсаулық жолындағы серіктестер» үкіметтік емес ұйымының өкілдігі, «Қазақстанда туберкулезді тоқтатайық» ұлттық серіктестігі, «MAD Consulting» қоғамдық қоры және «АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың Қазақстандық одағы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.

Бүгінгі конференцияның мақсаты — Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнінің 2024 жылғы «Иә! Біз туберкулезді жеңе аламыз!» ұранына сәйкес қазіргі сын-қатерлерге тиімді қарсы тұру қажеттігін әрбір адамға еске салу.

Конференцияда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Сәрсенбаева Гүлнара Еділқызы және Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық қызмет, мониторинг, талдау, цифрландыру және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Иманғалиева Ләйлә Тұрсынбекқызы құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Аденов Мәлік Молдабекұлы Қазақстанның әлемдік деңгейде туберкулезбен күресуге қосқан үлесі туралы баяндады.

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының клиникалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Қасымбекова Сайранкүл Жүзбайқызы АИТВ және туберкулез қызметтерінің өзара іс-қимылы, қол жеткізілген жетістіктер және оларды одан әрі жетілдіру мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Конференцияның маңызды қатысушыларының қатарында туберкулезбен бетпе-бет келген адамдар да болды. Олар өздерінің табыс тарихымен ашық бөлісті.

Туберкулезбен күресте үкіметтік емес ұйымдар да маңызды рөл атқарады. Бұл туралы «Мейірімді жол» қоғамдық қорының үйлестірушісі Абдилов Мадияр баяндады.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «№17 қалалық емхана» КМК мамандандырылған қызметтерді интеграциялау бөлімінің басшысы Сүлейменова Гүлсара Рақыметоллақызы алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде туберкулезді анықтау және емдеу бағытында қол жеткізілген нәтижелермен бөлісті.

Конференция соңында халықаралық серіктестер сөз сөйледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының туберкулез және дәріге төзімді туберкулез жөніндегі өңірлік кеңесшісі Асқар Еділбаев «ДДҰ-ның Еуропалық өңірінде туберкулезді жоюдың негізін қалау: 2023–2030 жылдарға арналған жаңа іс-қимыл жоспары» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ «Туберкулезді тоқтату» жаһандық серіктестігі хатшылығының өңірлік кеңесшісі (Женева) Андрей Мошняга жаһандық Stop TB серіктестігінің мақсаттары мен міндеттері және әлемде End TB стратегиясының іске асырылуы туралы баяндады.

Конференция аяқталғаннан кейін барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

количество просмотров / 👁 2182

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған