БРОНХ ДЕМІКПЕСІ БАР БАЛАЛАРДАҒЫ ЖЕДЕЛ РЕСПИРАТОРЛЫҚ ИНФЕКЦИЯЛАРДЫҢ КЛИНИКАЛЫҚ АҒЫМЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Редакцияға келіп түсті: 2026 жылғы 10 маусым
Жариялауға қабылданды: 2026 жылғы 13 шілде
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 қыркүйек
ӘОЖ: 616.248-053.2:616.2-022
DOI: 10.26212/2227-1937.2026.94.27.005

 

БРОНХ ДЕМІКПЕСІ БАР БАЛАЛАРДАҒЫ ЖЕДЕЛ РЕСПИРАТОРЛЫҚ ИНФЕКЦИЯЛАРДЫҢ КЛИНИКАЛЫҚ АҒЫМЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Тұрлықожаев А.М.¹, Балмуханова А.В.¹, Балмуханова А.М.², Нұржанова Р.Б.³, Беркінбай А.Б.³, Айболова Г.К.⁴, Ильясова Г.Т.⁴, Ергеш Ш.С.³

1Халықаралық медицина мектебі, Каспий қоғамдық университеті, Алматы, Қазақстан Республикасы;

2Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан Республикасы;

3С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық  медицина университеті, Алматы, Қазақстан Республикасы;

4Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан, Қазақстан Республикасы

 

Кіріспе. Жедел респираторлық инфекциялар (ЖРИ) балалардағы бронх демікпесінің өршуінің негізгі себебі, алайда олардың жиі және ауыр ағымымен байланысты факторлар жеткілікті зерттелмеген.

Зерттеудің мақсаты. Бронх демікпесі бар балалардағы ЖРИ ағымының ерекшеліктерін зерттеу және инфекцияның жиі эпизодтарымен байланысты факторларды анықтау.

Материалдар мен әдістер. 2023–2025 жылдары Алматы қаласындағы ЖШС «АСМЕД» емханасында бақылауда болған 3–18 жас аралығындағы бронх демікпесі бар 113 балаға ретроспективті зерттеу жүргізілді. I топқа жылына 1–5 рет ЖРИ-мен ауырған 65 бала, II топқа жылына ≥6 рет ауырған 48 бала енгізілді. Демікпенің клиникалық нұсқасы, ЖРИ жиілігі мен ауырлығы, зертханалық көрсеткіштер, спирография мәліметтері және базистік терапия сипаты бағаланды. Статистикалық өңдеу χ² критерийін, Стьюденттің t-критерийін, Манн–Уитни критерийін және 95% сенімділік аралығымен ықтималдық қатынасын (OR) есептеуді қолдана отырып жүргізілді.

Нәтижелер. Жиі ЖРИ балалардың 42,5%-ында анықталды. II топтағы балаларда бір ЖРИ эпизодының ұзақтығы I топпен салыстырғанда жоғары болды (9,6±2,8 қарсы 5,8±1,9 күн; p<0,001), бронхит 60,4% және 18,5% жағдайда (p<0,001), пневмония 22,9% және 4,6% жағдайда (p=0,004), ал демікпе өршуі тиісінше 77,1% және 32,3% жағдайда байқалды (p<0,001). Эозинофилия >5% II топтағы балалардың 58,3%-ында және I топтағы балалардың 29,2%-ында анықталды (p=0,003), IgE >100 ХБ/мл деңгейінің жоғарылауы тиісінше 64,6% және 36,9% жағдайда кездесті (p=0,005). ЖРИ-дің жиі эпизодтарымен ең айқын ассоциациялар базистік терапияның тұрақты жүргізілмеуімен (OR=6,34; 95% СА 2,68–15,00; p<0,001), эозинофильді катиондық ақуыз деңгейінің >24 нг/мл жоғарылауымен (OR=4,96; 95% СА 1,88–13,10; p=0,001) және сыртқы тыныс алу функциясының бұзылыстарымен (OR=4,62; 95% СА 2,08–10,27; p<0,001) анықталды.

Талқылау. Алынған нәтижелер бронх демікпесі бар балалардағы жиі жедел респираторлық инфекциялар аурудың жеткіліксіз бақылауымен, асқынулардың жоғары жиілігімен және айқын аллергиялық қабынумен байланысты екенін көрсетті. Қолайсыз ағыммен ең айқын ассоциациялар базистік терапияның тұрақты жүргізілмеуімен, эозинофильді катиондық ақуыз деңгейінің жоғарылауымен және сыртқы тыныс алу функциясының бұзылыстарымен анықталды. Нәтижелер қауіп тобына жататын балаларды ерте анықтау мен базистік терапияны уақтылы оңтайландырудың маңыздылығын көрсетеді.

Қорытынды. Бронх демікпесі бар балалардағы жиі ЖРИ аурудың неғұрлым ауыр ағымымен және демікпенің жеткіліксіз бақылауымен байланысты.

Түйінді сөздер: бронх демікпесі, балалар, жедел респираторлық инфекциялар, IgE, эозинофилия, жиі ЖРИ-мен байланысты факторлар

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *