Алынды: 12.06.2026
Қабылданды: 19.06.2026
Онлайн жарияланды: 30.06.2026
ӘОЖ: 616.24-007.17-053.32/.34:579.67
DOI: 10.26212/2227-1937.2026.11.10.002
БРОНХӨКПЕЛІК ДИСПЛАЗИЯДАҒЫ «ІШЕК–ӨКПЕ» ОСІ: АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ШАЛА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕРДІҢ ІШЕК МИКРОБИОТЫНЫҢ МИКРОБИОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Абильбаева А.А.¹, Идрисова Г.М.², Елюбаева Д.Б.³, Колоскова Е.А.⁴,
Рамазанова Б.А.⁴, Мустафина К.К.⁴, Буняева Д.В.⁴
¹С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ А.А.Шортанбаев атындағы жалпы иммунология кафедрасы,
Алматы, Қазақстан
²Алматы қаласы ДСБ «Қалалық ревматологиялық орталығы» ШЖҚ КМК клиникалық-диагностикалық зертханасы
³Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы
⁴С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ микробиология, вирусология кафедрасы, Алматы, Қазақстан
Кіріспе. Бронхөкпелік дисплазия (БӨД) неонатологияның өзекті мәселелерінің бірі болып қала береді. Шала туған нәрестелерді күтіп-баптау және емдеу саласындағы жетістіктерге қарамастан, БӨД даму жиілігі төмендемей отыр. Ішек микробиомының соматикалық патологиялардың қалыптасуындағы функционалдық рөлі туралы жаңа ғылыми деректер: ішек микроорганизмдерінің сапалық және сандық құрамын анықтау осы патологияның даму қаупін болжауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің мақсаты ішек микробиотасын зерттеудің классикалық микробиологиялық әдісін клиникалық тұрғыдан қолжетімді тәсіл ретінде пайдалану мүмкіндігін анықтау және БӨД даму қаупімен байланысты микробтық паттерндерді айқындау.
Зерттеу материалдары мен әдістері. Зерттеуге Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы мен №3 қалалық перинаталдық орталықтың жаңа туған нәрестелер патологиясы және қарқынды терапия бөлімшелерінде ем алған 62 шала туған нәресте алынды. Негізгі топқа бронхөкпелік дисплазия (БӨД) диагнозы қойылған 37 бала, ал салыстыру мақсатындағы топқа БӨД анықталмаған 25 бала енгізілді. Ішек микробиотасына дақылдық зерттеу жүргізіліп, жалпы микробтық контаминация деңгейі, бифидобактериялар, лактобациллалар, клостридиялар, энтерококктар, бактероидтар, ішек таяқшасы және стафилококкты флора мөлшері бағаланды. Сонымен қатар α-әртүрлілік (Шеннон, Симпсон, Чао1 индекстері), β-әртүрлілік (Брэй–Кертис индексі, NMDS), корреляциялық талдау және тәуекелдер қатынасын (OR) есептей отырып логистикалық регрессиялық талдау жүргізілді.Микробтық қауымдастықтағы өзара байланыстарды желілік талдау, орталық түйіндерді анықтау және хаб-таксондарды анықтау.
Зерттеу нәтижелері. БӨД бар нәрестелер БӨД жоқ жаңа туған нәрестелермен салыстырғанда төмен гестациялық жаспен және респираторлық дистресс-синдромның неғұрлым ауыр ағымымен сипатталды. БӨД дамуының ең маңызды тәуекел факторы ретінде гестациялық жастың төмендігі анықталды (adjusted OR=0,62; 95% ДИ 0,46–0,83; p=0,002). Таксономиялық құрамды талдау микроорганизмдердің көпшілігінің анықталу жиілігі бойынша топтар арасында статистикалық тұрғыдан маңызды айырмашылықтарды көрсетпеді. БӨД тобында гемолитикалық емес флораның жиі анықталу үрдісі байқалды (48,6% қарсы 24,0%; p=0,065), алайда микробтық жүктеме деңгейі бойынша да айтарлықтай айырмашылықтар анықталған жоқ (p>0,05). α- және β-әртүрлілік көрсеткіштері БӨД болуына байланысты микробтық қауымдастықтардың айқын бөлінуін көрсетпеді. Алайда желілік талдау БӨД кезінде ішек микробиотының өзара байланысқан және орталықтандырылған архитектурасын анықтады, оның негізін Bacteroides spp., Enterococcus spp. және S. epidermidis құрады.
Талқылау. Алынған деректер зерттелген когортада БӨД дамуы ішек микробиотасының жеке таксондық өзгерістерінен гөрі шала туылумен байланысты клиникалық факторлармен және респираторлық қолдау ауырлығымен көбірек анықталатынын көрсетеді. α- және β-әртүрлілік бойынша статистикалық маңызды айырмашылықтардың болмауы «ішек–өкпе» осінің рөлін жоққа шығармайды, себебі желілік талдау БӨД бар балаларда микробтық өзара әрекеттесулердің қайта құрылуын және қауымдастықтың неғұрлым орталықтандырылған архитектурасын анықтады.
Қорытынды. БӨД бар шала туған нәрестелерде БӨД жоқ балалармен салыстырғанда ішек микробиотының таксономиялық құрамы мен әртүрлілігінде айқын айырмашылықтар анықталған жоқ. Нәтижелер БӨД дамуының негізгі детерминанттары шала туғандықпен байланысты клиникалық факторлар екенін, ал микробиота өзгерістері әлсіз және жекелеген құрылымдық тенденциялар түрінде көрінетінін айқындады. Микробиотаның БӨД патогенезіндегі рөлін нақтылау үшін молекулалық-генетикалық әдістерді қолдана отырып, әрі қарай зерттеулер жүргізу және зерттеу іріктемесін кеңейту қажет.
Түйінді сөздер: бронхөкпелік дисплазия, шала туылған нәресте, ішек микробиоты, дисбиоз, ішек-өкпе осі, неонатология.
количество просмотров / 👁 58