ФТИЗИАТРИЯ ЖӘНЕ ПУЛЬМОНОЛОГИЯ БОЙЫНША ДАЯРЛАУДАҒЫ ГЕНЕРАТИВТІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: КЛИНИКАЛЫҚ ОЙЛАУҒА ӘСЕРІ, ТӘУЕКЕЛДЕРІ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ СТРАТЕГИЯЛАРЫ (ӘДЕБИЕТКЕ ШОЛУ)

Редакцияға келіп түсті: 2026 жылғы 3 қыркүйек
Жариялауға қабылданды: 2026 жылғы 22 қыркүйек
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 қыркүйек
ӘОЖ: 378.147:004.8:616.2
DOI: 10.26212/2227-1937.2026.87.69.003

 

ФТИЗИАТРИЯ ЖӘНЕ ПУЛЬМОНОЛОГИЯ БОЙЫНША ДАЯРЛАУДАҒЫ ГЕНЕРАТИВТІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: КЛИНИКАЛЫҚ ОЙЛАУҒА ӘСЕРІ, ТӘУЕКЕЛДЕРІ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ СТРАТЕГИЯЛАРЫ (ӘДЕБИЕТКЕ ШОЛУ)

 

Измайлова С.Х.¹, Касенов Б.Ж.¹, Жумакажи М.Б.¹

¹ С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Алматы, Қазақстан

 

Кіріспе. Генеративті жасанды интеллект (GenAI) медициналық білім беруге жылдам енгізілуде, алайда оның дербес клиникалық ойлауға әсері әлі де бірмәнді емес. Фтизиатрия және пульмонология бойынша мамандар даярлауда бұл мәселе ерекше маңызды, өйткені диагностикалық және емдік шешімдер клиникалық, микробиологиялық, молекулалық-генетикалық, функционалдық және сәулелік деректерді біріктіруді талап етеді, ал қате қорытындының салдары елеулі болуы мүмкін.

Зерттеудің мақсаты. GenAI-дың клиникалық ойлауды қалыптастыруға әсері туралы заманауи деректерді жинақтау және оны фтизиатрия мен пульмонология мамандарын даярлауда қауіпсіз қолданудың шарттарын анықтау.

Материалдар мен әдістер. Құрылымдалған нарративті әдеби шолу жүргізілді. Іздеу PubMed, Scopus және Web of Science дерекқорларында негізінен 2020–2026 жылдар аралығындағы жарияланымдар бойынша жүргізілді; сонымен қатар бұдан ертерек жарияланған іргелі еңбектер қарастырылды. Жүйелі шолулар, метаанализдер, рандомизацияланған және квазиэксперименттік зерттеулер, кәсіби ұсынымдар, сондай-ақ туберкулез және респираторлық медицинада үлкен тілдік модельдерді қолдануға арналған профильдік жұмыстар талданды. Білім беру әсерлері, когнитивтік делегирлеу тәуекелдері және клиникалық жауапкершілігі жоғары міндеттердегі қателер бөлек бағаланды.

Нәтижелер. Метаанализдер деректері GenAI қолдану кезінде білімнің, жекелеген практикалық дағдылардың және оқуға қанағаттанудың қысқа мерзімді жақсаруы мүмкін екенін көрсетеді, алайда дәлелдердің сапасы біркелкі емес. Жекелеген зерттеулер GenAI-ды құрылымдалған және педагогикалық бақылауда қолданған кезде клиникалық және сыни ойлау көрсеткіштерінің жақсарғанын көрсетеді, ал модельдерге бақылаусыз сүйену когнитивтік делегирлеу, automation bias және дербес аналитикалық жұмыстың әлсіреу қаупімен байланысты. Туберкулез және респираторлық медицинада GenAI клиникалық жағдайларды талдауға, дифференциалдық диагнозды қалыптастыруға және функционалдық зерттеулерді интерпретациялауды үйретуге қолданылуы мүмкін, алайда Xpert MTB/RIF, LF-LAM, дәріге төзімділік, ЖАҚТ және туберкулезге қарсы ем режимдеріне қатысты міндетті верификацияны талап етеді.

Талқылау. Фтизиопульмонологиялық білім беруде GenAI-ды ғылыми негізде қолдану клиникалық ойлауды алмастыру құралы ретінде емес, бақыланатын педагогикалық тірек ретінде қарастырылуы тиіс. Үш кезеңді модель ұсынылады: дербес клиникалық гипотеза → GenAI жауабымен салыстыру → пациент деректері, ДДҰ ұсынымдары және ұлттық клиникалық хаттамалар бойынша міндетті сыртқы верификация.

Қорытынды. GenAI фтизиатрия және пульмонология бойынша оқытуды бастапқы дербес клиникалық шешім сақталған және модель қорытындысы міндетті түрде тексерілген жағдайда ғана күшейте алады. ЖИ қолданылатын және қолданылмайтын тапсырмаларды, сенімді калибрлеуді үйретуді және клиникалық шешімдерді өзекті ұсынымдар бойынша верификациялауды біріктіретін гибридті формат неғұрлым негізді болып табылады.

Түйінді сөздер: генеративті жасанды интеллект; үлкен тілдік модельдер; клиникалық ойлау; медициналық білім беру; туберкулез; фтизиатрия; пульмонология; дәріге төзімділік; жасанды интеллект.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *