ПУЛЬМОНОЛОГ ДӘРІГЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІНДЕГІ ӨКПЕ ТУБЕРКУЛЕЗІ

Сергазина А.О1., Серхожаева Т.Х1., Касаева Л.Т2., Курбанова А.Т1., Нуржанов Б.Б.2

1«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ, Шымкент қ., Қазақстан

2«Облыстық  фтизмопульмонология орталығы», Шымкент қ., Қазақстан

Кіріспе. Қазіргі медицинада туберкулез әлі де өзекті мәселелердің бірі болып қалуда, бұл дерттің диагностикасы, алдын алу және емдеу салаларында айтарлықтай жетістіктерге қарамастан. Бұл ауру, әсіресе, пульмонолог-дәрігерлердің тәжірибесінде маңызды орын алады, өйткені олар туберкулез инфекциясының алуан түрлі клиникалық көріністері мен асқынуларына жиі тап болады.

Туберкулез түрлерінің әртүрлілігі, оның белгілерінің тыныс алу жүйесінің басқа ауруларына ұқсастығы, сондай-ақ бұл дерттің әлеуметтік маңызы пульмонологтан туберкулезді дер кезінде анықтау, нақты ажырату (дифференциалды диагностика) және науқасты дұрыс басқару үшін терең білім мен тәжірибелік дағдыларды талап етеді. Бұдан бөлек, фтизиатриялық және пульмонологиялық қызметтердің өзара тығыз әрекеттестігі де ерекше мәнге ие, себебі бұл медициналық көмектің сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады.

Зерттеудің мақсаты. Пульмонология бөлімшесінде анықталған туберкулездің клиникалық белгілерін зерттеп, оларды диагностикалық әдістердің тиімділігімен салыстыру.

Материалдар мен әдістер. Барлық науқастар ауруханаға түскенде пневмонияға тән, әртүрлі деңгейде білінетін интоксикациялық және бронхиттік шағымдармен түсті.  Қабылдау бөліміне түскен кезде барлық науқастарға фронтальды және бүйірлік проекцияда жалпы кеуде қуысының рентгенографиясы, микроскопиялық әдіспен Циль-Нилсен бояуы арқылы МБТ-ға қақырықты талдау жасалады және шағын (бастапқы, жеңіл) түрдегі туберкулезі бар науқастарға GeneXpert MTB/RIF әдісін бірден қолдану ұсынылады.

Қақырық болмаған жағдайда бронхоскопия кезінде алынған бронхоальвеолярлы жуу сұйықтығында МБТ ізделінді. GeneXpert MTB/RIF әдісі Циль-Нилсен бояуын қолдану арқылы жағынды бактериоскопиясының теріс нәтижелері жағдайында және бір-екі апта бойы емдеуден нәтиже болмаған жағдайда диагностикалық минимум ретінде пайдаланылды.

Нәтижелер. Зерттеуге барлығы 119 науқас енгізілді. Өкпенің инфильтративті туберкулезі ең жиі анықталып, 68 науқаста (57,1%) кездесті. Диссеминирленген түрі 20 науқаста (16,8%), туберкулезді плеврит 17 науқаста (14,3%), ошақты туберкулез бен милиарлы түрі әрқайсысы 8 науқаста (6,7%), фиброзды-кавернозды түрі 3 науқаста (2,5%), казеозды пневмония 2 науқаста (1,7%) және өкпе туберкулемасы 1 науқаста (0,8%) анықталды.

Науқастардың орташа дене қызуы 38,03 ± 0,43 ºС құрады. Жөтел мен қақырық 32 науқаста (26,9%) байқалды. Ентігу жалпы 43 науқаста (36,1%) тіркелді. Кеудедегі ауырсыну 22 науқаста байқалды (18,4%).

Талқылау. Медициналық мекемелердің пульмонологиялық және терапевтік бөлімшелерінде туберкулезді диагностикалау уақытын қысқарту қазіргі уақытта маңызды мәселе болып табылады. Өкпе туберкулезі диагнозына дейін госпитализацияның орташа ұзақтығы 9,3 күнді құрады.Қақырықпен, құрғақ жөтелмен және жөтелсіз жөтел жағдайында диагноз қою уақыты сәйкесінше 7,9 ± 3,9, 8,9 ± 4,3 және 12 ± 4,9 күн болды.

Ең жиі анықталған түрлері: инфильтративті туберкулез (57,1 %; n = 68) және диссеминацияланған туберкулез (16,8 %; n = 20). Құрғақ жөтелмен келген науқастардың 84,5 %-нан туберкулез микобактериясы табылды, оның ішінде 46,6 %-ында микобактериялар ауруханаға түскен алғашқы күндері анықталды.

Қорытынды. Көп жағдайда науқастардың ауруханадағы емделу ұзақтығы олардың клиникалық ерекшеліктеріне емес, туберкулез микобактерияларын анықтауға байланысты ұйымдастырушылық шараларға тәуелді болды. Шағын (бастапқы, жеңіл) түрдегі туберкулезі бар науқастарға GeneXpert MTB/RIF әдісін бірден қолдану ұсынылады.

Түйінді сөздер: пневмония, туберкулез, жөтел, туберкулез микобактериясы, қақырық, GeneXpert MTB/RIF.

количество просмотров / 👁 65

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *