Алынды: 2026 жылғы 21 маусым
Қабылданды: 2026 жылғы 28 тамыз
Онлайн жарияланды: 2026 жылғы 30 қыркүйек
ӘОЖ: 616.24-085.835.56:615.835.56
DOI: 10.26212/2227-1937.2026.32.43.006
Мақала түрі: әдебиеттерге нарративті шолу
ПУЛЬМОНОЛОГИЯДАҒЫ ОЗОНОТЕРАПИЯ: ҚАБЫНУҒА ҚАРСЫ ЖӘНЕ ИММУНОМОДУЛЯЦИЯЛЫҚ ӘСЕРЛЕРІ (әдебиеттерге нарративті шолу)
М.Д. Даулетова1, 3, Д.С. Рахымбердиев1, Г.К. Әзімханова2,
Г.А. Айтметова2, К.С. Абдирамашева2
1«Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті» КЕАҚ, Түркістан, Қазақстан,
2Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Түркістан, Қазақстан
3«Облыстық дәрігерлік дене-тәрбиесі диспансері» МКҚК, Түркістан, Қазақстан
Кіріспе. Озонотерапия — медициналық тәжірибеде оттегі-озон қоспасын қолдануға негізделген биологиялық белсенді әдіс. Соңғы жылдары бұл тәсіл қабыну және иммундық бұзылыстармен жүретін ауруларда қосымша терапия ретінде қарастырылып келеді. Пульмонологияда созылмалы обструктивті өкпе ауруы, бронхиальды астма, интерстициалды өкпе аурулары және инфекциялық қабынулар кең таралған патологиялар болып табылады. Бұл ауруларда қабыну медиаторларының артуы, оксиданттық стресс және иммундық жауаптың дисрегуляциясы негізгі патогенетикалық механизмдерге жатады. Осыған байланысты озонотерапияның қабынуға қарсы және иммуномодуляциялық әсерлерін ғылыми тұрғыда бағалау өзекті мәселе болып отыр.
Зерттеудің мақсаты. Пульмонологияда озонотерапияның қабынуға қарсы және иммуномодуляциялық әсерлерін қазіргі ғылыми деректер негізінде талдау және оның клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігіне баға беру.
Материалдар мен әдістер. Осы жұмыс әдебиеттерге нарративті шолу түрінде орындалды. Шолудың мақсаты – пульмонологияда озонотерапияның қабынуға қарсы және иммуномодуляциялық әсерлері жөніндегі қазіргі ғылыми дәлелдерді жинақтап, оларды сапалық тұрғыдан талдау.
Ғылыми әдебиеттерді іздеу PubMed, MEDLINE, Scopus, Web of Science және Google Scholar деректер базаларында жүргізілді. Іздеу 2020 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың маусымына дейін жарияланған еңбектерді қамтыды. Іздеу барысында келесі кілт сөздер және олардың комбинациялары қолданылды: «озонотерапия», «медициналық озон», «пульмонология», «өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА)», «бронх демікпесі», «өкпенің интерстициальды аурулары», «өкпенің қабынуы», «оксидативті стресс», «иммуномодуляция», «тыныс алу жүйесінің аурулары», сондай-ақ олардың ағылшын тіліндегі баламалары пайдаланылды.
Әдебиеттерді іріктеу толық мәтіні қолжетімді, ағылшын немесе орыс тілдерінде жарияланған, озонотерапияның қабынуға қарсы, антиоксиданттық және иммуномодуляциялық әсерлерін, сондай-ақ пульмонологиялық аурулардағы қолданылуын зерттеген эксперименттік, клиникалық зерттеулер, жүйелі шолулар мен метаанализдер негізінде жүргізілді. Толық мәтіні қолжетімсіз, қайталанатын, ғылыми құндылығы жеткіліксіз жарияланымдар және озонотерапияның пульмонологияға қатысы жоқ бағыттарына арналған еңбектер талдауға енгізілмеді.
Әдебиеттерді іздеу нәтижесінде 108 жарияланым анықталды. Қайталанатын жұмыстарды алып тастағаннан кейін 79 мақала қаралды. Атауы мен аннотациясы бойынша алдын ала скрининг жүргізілгеннен кейін 44 толық мәтінді жарияланым бағаланды. Сапалық талдау нәтижесінде осы шолудың мақсатына сәйкес келетін 40 ғылыми еңбек қорытынды талдауға енгізілді.
Бұл жұмыс жүйелі шолу немесе PRISMA хаттамасы бойынша орындалған метаанализ болып табылмайды. Сондықтан алынған деректерге статистикалық біріктіру жүргізілген жоқ. Талдау сапалық сипатта орындалып, озонотерапияның әсер ету механизмдері, қабыну маркерлеріне ықпалы, иммунологиялық өзгерістері, клиникалық тиімділігі және қауіпсіздігі жөніндегі қазіргі ғылыми мәліметтер жинақталып, салыстырмалы түрде талданды.
Нәтижелер. Қарастырылған зерттеулер төмен концентрациядағы озонның антиоксиданттық ферменттер белсенділігін арттыруға, про- және қабынуға қарсы цитокиндер теңгерімін реттеуге, микроциркуляцияны жақсартуға ықпал ететінін көрсетеді. Клиникалық бақылауларда озонотерапияны кешенді ем құрамында қолдану қабыну белсенділігінің төмендеуімен, өкпенің функционалдық көрсеткіштерінің жақсаруымен және иммундық жауаптың тұрақтануымен байланысты болған. Сонымен қатар кейбір зерттеулерде әдістің дозалық режиміне және енгізу жолына байланысты нәтижелердің әркелкілігі байқалған.
Талқылау. Озонотерапия қабыну процесіне көпбағытты әсер етеді: оксиданттық стресс деңгейін төмендетеді, антиоксиданттық қорғаныс жүйесін белсендіреді және иммундық жауапты модуляциялайды. Бұл қасиеттері оны тыныс алу жүйесінің созылмалы қабыну ауруларында қосымша терапия ретінде қолдануға негіз болуы мүмкін. Дегенмен, клиникалық зерттеулердің көлемі мен дизайны әртүрлі болғандықтан, нәтижелерді біріздендіру қиын. Терапияның ұзақ мерзімді тиімділігі мен қауіпсіздігін нақтылау үшін рандомизацияланған бақыланатын зерттеулер қажет.
Қорытынды. Қолда бар ғылыми деректер озонотерапияның пульмонологияда қабынуға қарсы және иммуномодуляциялық әлеуеті бар екенін көрсетеді. Алайда әдістің клиникалық практикадағы орны мен стандартталған қолдану алгоритмін анықтау үшін қосымша сапалы зерттеулер жүргізу маңызды.
Түйінді сөздер: озонотерапия, пульмонология, қабыну, иммуномодуляция, оксиданттық стресс, тыныс алу жүйесі.
