АЙНАЛЫМДАҒЫ МИКРОРНҚ ТУБЕРКУЛЕЗ БЕН ӨКПЕ ОБЫРЫНЫҢ ДИФФЕРЕНЦИАЛДЫ ДИАГНОСТИКАСЫНЫҢ АЗ ИНВАЗИВТІ БИОМАРКЕРІ РЕТІНДЕ (әдеби шолу)

Алынды: 13.10.2025
Қабылданды: 09.02.2026
Онлайн жарияланды: 20.03.2026
ӘӨЖ: 616-005.2, 616-006.6, 616-079.4
DOI: 10.26212/2227-1937.2026.55.36.003

АЙНАЛЫМДАҒЫ МИКРОРНҚ ТУБЕРКУЛЕЗ БЕН ӨКПЕ ОБЫРЫНЫҢ ДИФФЕРЕНЦИАЛДЫ ДИАГНОСТИКАСЫНЫҢ АЗ ИНВАЗИВТІ БИОМАРКЕРІ РЕТІНДЕ (әдеби шолу)

АширбековЕ.Е.¹, Пинский И.В. ², ХамитоваН.Х. ¹‚²‚³, Саткен Қ.С. ¹‚², ЕлеусизовА.М. 4, Егенова Л.П. 5, Кайранбаева А.М. 5, Мағазова А.Р. 1,6, Утегенова Г.А. 1,7, Шарипов К.О. 1,3

¹ М. Ә. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институты, Алматы қ., Қазақстан

² Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Алматы қ., Қазақстан

³ С.Ж. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті, Алматы қ., Қазақстан

4 Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, Алматы қ., Қазақстан

5 Қазақстан республикасының ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, Алматы қ., Қазақстан

6 Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасы, Алматы қ., Қазақстан

7 Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент қ., Қазақстан

Кіріспе. Туберкулез және өкпе обыры әлемдегі ең өзекті медициналық-әлеуметтік мәселелердің қатарына жатады. Диагнозды уақтылы қою емнің табыстылығының негізгі факторы болып табылады. Алайда екі аурудың клиникалық-рентгенологиялық көріністерінің ұқсастығына байланысты, науқаста бактериобөліну болмаған жағдайда, дифференциалды диагностикада жиі қиындықтар туындайды. Бұл дұрыс диагноз қоюдың кешеуілдеуіне және патологиялық үдерістің асқынуына байланысты емдік шаралардың тиімділігінің төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты жаңа аз инвазивті молекулалық биомаркерлерді іздеу өзекті.

Зерттеудің мақсаты. Өкпе ауруларын дифференциалды диагностикалау мәселелері және айналымдағы микроРНҚ-ны туберкулез бен өкпе обырының аз инвазивті диагностикалық биомаркері ретінде қолдану әлеуеті бойынша ғылыми әдебиеттерге шолу жүргізу.

Материалдар мен әдістер. 2015–2025 жж. аралығындағы ғылыми және нормативтік дереккөздерге талдау жүргізілді. Ғылыми жарияланымдарды іздеу PubMed дерекқорында жүзеге асырылды; сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының жарияланымдары және басқа ресми интернет-ресурстардың материалдары пайдаланылды.

Нәтижелер. Туберкулезді анықтау мен емдеудегі прогреске, сондай-ақ диагностиканың аспаптық және аналитикалық әдістерінің жетілдірілуіне қарамастан, клиникалық тәжірибеде туберкулез бен өкпе обырының дифференциалды диагностикасында қиындықтар сақталуда. Әдеби деректер плазмадағы микроРНҚ-ның туберкулезді (оның ішінде латентті инфекцияны) диагностикалауға, өкпе обырын диагностикалау мен болжамдауға арналған аз инвазивті биомаркер ретіндегі әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. МикроРНҚ-ның туберкулез, өкпе обыры, СОӨА, пневмония және саркоидоздың дифференциалды диагностикасындағы
қолданылуы туралы мәліметтер бар. Қазіргі уақытта өкпе обыры кезінде микроРНҚ-маркерлердің клиникалық маңыздылығын растауға бағытталған проспективті клиникалық зерттеулер жүргізілуде.

Талқылау. МикроРНҚ-маркерлерді клиникалық практикаға енгізу әдіснамалық қиындықтармен, стандартталған хаттамалардың болмауымен және популяциялар арасындағы өзгергіштікпен шектеледі. Биологиялық сұйықтықтардағы микроРНҚ-ның төмен концентрациясы және ферментативтік реакциялардың тежегіштерінің болуы сандық талдауды қиындатады, ал үлгілерді жинау, сақтау және талдау хаттамаларындағы айырмашылықтар зерттеулер арасындағы нәтижелердің салыстырмалылығын төмендетеді. Пациенттерді дені
сау бақылау тобымен салыстырумен шектелетін зерттеулер дизайны маркерлердің нозологиялық спецификалылығын толық бағалауға мүмкіндік бермейді. МикроРНҚ-маркерлердің дифференциалды диагностикадағы қолданылуын бағалау клиникалық тұрғыдан ұқсас патологиялық жағдайларды зерттеуге енгізген жағдайда ғана мүмкін.

Қорытынды. Айналымдағы плазмалық микроРНҚ туберкулез бен өкпе обырын диагностикалауға арналған аз инвазивті биомаркер ретінде әлеуетке ие және тиімділігі клиникалық тұрғыдан расталғаннан кейін өкпе ауруларын дифференциалды диагностикалаудың маңызды құралына айналуы мүмкін.

Түйінді сөздер: туберкулез, өкпе обыры, дифференциалды диагностика, микроРНҚ

количество просмотров / 👁 46

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған