Фтизиопульмонология журналының редакциялық саясаты

«Фтизиопульмонология» ғылыми-практикалық журналы 2001 жылдан бері жарық көріп келеді. Журналдың құрылтайшысы – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК.

Журналда фтизиопульмонология саласы, медицина мен денсаулық сақтаудың сабақтас бағыттары бойынша ғылыми мақалалар, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі ғылым мен білім берудің өзекті мәселелерін қамтитын материалдар жарияланады.

Журналдың негізгі бөлімдері:

  • клиникалық пәндер;

  • теориялық пәндер;

  • оқытудың инновациялық әдістері;

  • денсаулық сақтауды ұйымдастыру.

Журнал тоқсан сайын жарық көреді (жылына 4 нөмір). Басылымда түпнұсқалық ғылыми зерттеулер, шолу мақалалары, клиникалық бақылаулар және басқа да ғылыми материалдар жарияланады. Журнал Қазақстандық ғылыми дәйексөздер базасында (импакт-фактор – 0,011) және Ресейлік ғылыми дәйексөздер индексінде (импакт-фактор – 0,032) индекстеледі.

Журналдың мақсаты – фтизиопульмонология, медицина, ғылым және білім беру, сондай-ақ практикалық денсаулық сақтау салаларындағы ғылыми жарияланымдарды тарату арқылы Қазақстан Республикасының фтизиопульмонологиялық қызметін дамытуға ықпал ету.

Журналдың міндеттері

Туберкулездің алдын алу, диагностикасы мен емдеу, сондай-ақ ілеспе аурулар мен фтизиопульмонологиялық қызметті ұйымдастыру және басқару мәселелері бойынша медицина қызметкерлерінің білім деңгейін және практикалық дағдыларын жетілдіру.

Медицина мен денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді халықаралық ғылыми қауымдастықта кеңінен насихаттау.

Отандық авторлардың жарияланымдық белсенділігін арттыру және олардың ғылыми нәтижелерінің халықаралық ғылыми кеңістіктегі көрінуін кеңейту.

Ашық қолжетімділік саясаты

Журнал толық ашық қолжетімділік саясатын ұстанады. Барлық жарияланған материалдар журналдың ресми сайтында еркін қолжетімді орналастырылады және пайдаланушылар оларды ешқандай шектеусіз оқи, жүктей, көшіре, тарата және басып шығара алады.

Ашық қолжетімділік қағидаты ғылыми жарияланымдардың кең аудиторияға қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, жарияланған материалдарды ғылыми тұрғыдан талқылауды ынталандыруға және зерттеу нәтижелерін медициналық практика мен білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған.

Журналдың веб-сайтында баспа туралы ақпарат, редакциялық алқа құрамы, рецензиялау саясаты, авторларға арналған нұсқаулық және халықаралық жарияланымдардың ашықтығы стандарттарына сәйкес басқа да мәліметтер ашық түрде ұсынылады.

Лицензиялық саясат

«Фтизиопульмонология» ғылыми-практикалық журналында жарияланған барлық мақалалар Creative Commons Attribution 4.0 International (CC BY 4.0) лицензиясының талаптарына сәйкес таратылады.

Аталған лицензия авторды және жарияланым көзін міндетті түрде көрсету шартымен журнал материалдарын кез келген форматта еркін оқуға, жүктеуге, көшіруге, таратуға, дәйексөз келтіруге және бейімдеуге мүмкіндік береді.

Авторлар өз еңбектеріне авторлық құқықты сақтайды және журналға мақаланы алғаш жариялау құқығын береді.

Лицензияның толық мәтіні мына сілтеме бойынша қолжетімді:
https://creativecommons.org/licenses/by/4.0/

Рецензиялау саясаты

Редакцияға келіп түскен барлық қолжазбалар міндетті түрде рецензиялаудан өтеді.

Рецензиялау кезеңдері:

Алғашқы сараптама. Қолжазба редакцияға түскеннен кейін үш күн ішінде бас редактор оның журналдың тақырыптық бағытына және рәсімдеу талаптарына сәйкестігін тексереді.

Сыртқы рецензиялау. Мақалалар тиісті ғылыми дәрежесі бар және соңғы үш жыл ішінде осы тақырып бойынша ғылыми жарияланымдары бар тәуелсіз сарапшыларға жіберіледі.

Журнал қос соқыр рецензиялау жүйесін қолданады: авторлар рецензенттердің кім екенін білмейді, ал рецензенттер авторлар туралы ақпарат алмайды. Автор мен рецензент арасындағы барлық байланыс редакция арқылы жүзеге асырылады.

Рецензиялау нәтижелері бойынша келесі шешімдер қабылдануы мүмкін:

  • жариялауға қабылдау;

  • түзетулер енгізу шартымен қабылдау;

  • қолжазбаны қабылдамау.

Авторларға рецензиялардың көшірмелері немесе жариялаудан дәлелді бас тарту туралы хабарлама жіберіледі. Түзетілген мақалалар қайта рецензиялауға жіберілуі мүмкін.

Рецензенттердің міндеттері:

  • ғылыми тұрғыдан негізделген және объективті қорытынды беру;

  • алынған ақпараттың құпиялылығын сақтау;

  • ықтимал мүдделер қақтығысы туралы редакцияны хабардар ету;

  • авторға қатысты жеке сипаттағы ескертулерден бас тарту;

  • ықтимал плагиат немесе жарияланымдардың қайталануы туралы редакцияға хабарлау.

Мақаланы жариялау туралы түпкілікті шешімді бас редактор редакциялық алқамен бірлесіп қабылдайды.

Редакциялық алқа саясаты

Редакциялық алқа тоқсан сайын, журнал нөмірі жарық көрерден бір ай бұрын, ұсынылған материалдарды талқылау және жарияланатын мақалалардың тізбесін бекіту мақсатында жиналыс өткізеді. Қажет болған жағдайда қосымша сыртқы рецензиялау тағайындалуы мүмкін.

Нөмірдің техникалық дайындалуынан кейін басылым мазмұнын бас редактор немесе оның орынбасары бекітеді. Авторларға мақаланың беттелген нұсқасымен танысып, жариялауға келісімін растау мүмкіндігі беріледі.

Жарияланым этикасы

«Фтизиопульмонология» журналының редакциялық алқасы халықаралық жарияланым этикасының қағидаттарын (COPE) және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алады, атап айтқанда:

  • Қазақстан Республикасының Конституциясы;

  • Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (971–984-баптар, Ерекше бөлім);

  • «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

  • «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

Жарияланым үдерісіне қатысушылар — редакторлар, авторлар және рецензенттер — этикалық нормаларды сақтауға, плагиаттың, деректерді бұрмалаудың, жарияланымдардың қайталануының және басқа да ғылыми адалдыққа қайшы әрекеттердің алдын алуға міндетті.

Егер қолжазбаларды қарау барысында плагиат, жалған немесе бұрмаланған деректер, бұрын жарияланған материалдардың қайталануы немесе басқа да бұзушылықтар анықталса, мұндай жұмыстар жариялаудан бас тартылады немесе жарияланымнан алынып тасталады.

Ғылыми жарияланым этикасын сақтау авторлардың зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға, жарияланымдардың сапасын арттыруға және ғылыми материалдардың заңсыз пайдаланылуына жол бермеуге ықпал етеді.