ПУЛЬМОНОЛОГИЯЛЫҚ ПРАКТИКАДАҒЫ КОМОРБИДТІ ЖАҒДАЙЛАР: ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ТӘЖІРИБЕСІ (ӘДЕБИ ШОЛУ)

Алынды:15.09.2025
Қабылданды: 19.01.2026
Онлайн жарияланды: 20.03.2026
ӘӨЖ: 616.2-06
DOI: 10.26212/2227-1937.2026.27.86.006

ПУЛЬМОНОЛОГИЯЛЫҚ ПРАКТИКАДАҒЫ КОМОРБИДТІ ЖАҒДАЙЛАР: ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ТӘЖІРИБЕСІ (ӘДЕБИ ШОЛУ)

Амангелді Д.Е.¹, Айтмағамбет А.Е.¹, Садуакасова Н.А.¹², Сәдірханов Р.Ш.¹³, Куралова
М.Б.¹⁴, Әжіханова А.Ж.¹

¹ Қазақстандық медициналық университеті «ҚДСЖМ», Алматы, Қазақстан

² Балалар қалалық клиникалық инфекциялық аурулар ауруханасы, Алматы, Қазақстан

³ «Каусар Плюс» клиникасы, Алматы, Қазақстан

⁴ Almaty Sema Hospital клиникасы, Алматы, Қазақстан

Кіріспе. Коморбидтілік, яғни бір науқаста екі немесе одан да көп созылмалы аурудың қатар кездесуі, қазіргі пульмонологиялық практиканың негізгі мәселелерінің бірі болып табылады, себебі созылмалы обструктивті өкпе ауруы мен бронхиалды астма жиі жүрек-қантамыр, метаболикалық және психоневрологиялық жағдайлармен ұштасады. Коморбидті аурулардың болуы клиникалық ағымға, өршулер мен ауруханаға жатқызулар жиілігіне, өлім-жітімге және пациенттердің өмір сапасына елеулі әсер етеді, сондай-ақ емдік мүмкіндіктерді шектейді. Соңғы жылдары назар мультиморбидтілік тұжырымдамасына және «treatable traits» тәсіліне ауысуда, бұл қауіп факторларының кең таралуы мен жергілікті зерттеулер санының шектеулігі жағдайында, соның ішінде Қазақстан Республикасында, ерекше өзекті.

Зерттеудің мақсаты. Тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар пациенттердегі коморбидті жағдайлардың таралуы, құрылымы және клиникалық маңызы туралы заманауи деректерді (2018–2025 жж.) талдау, сондай-ақ халықаралық тәжірибені және Қазақстан Республикасындағы жағдайды сипаттайтын қолжетімді жарияланымдарды жинақтау.

Материалдар мен әдістер. PRISMA қағидаттарына сәйкес әдебиеттерге жүйелі шолу жүргізілді, PubMed (PubMed Central қоса алғанда), Google Scholar және CyberLeninka дерекқорларында 2016–2025 жылдар аралығында жарияланған жұмыстар ізделді. Зерттеулер алдын ала анықталған енгізу және алып тастау критерийлері бойынша іріктеліп, олардың дизайны, таңдама сипаттамалары, коморбидті жағдайлардың құрылымы және клиникалық нәтижелерге әсері талданды.

Нәтижелер. Коморбидті жағдайлар ХОБЛ және бронхиалды астмасы бар пациенттердің көпшілігінде анықталып, негізінен жүрек-қантамыр, метаболикалық және психоэмоциялық аурулармен сипатталады, бұл респираторлық патологияның ағымы мен бақылауын едәуір нашарлатады. Мультиморбидтіліктің тұрақты кластерлерінің қалыптасуы өлім-жітім мен ауруханаға жатқызу жиілігінің жоғарылауымен байланысты. Қазақстан Республикасында қауіп факторларының кең таралуы, жүрек-қантамырлық коморбидтіліктің басым болуы және ұлттық эпидемиологиялық деректердің шектеулілігі аясында астма мен ХОБЛ-ды бақылаудың жеткіліксіз деңгейі байқалады.

Талқылау. Коморбидтілік созылмалы респираторлық аурулардың негізгі сипаттамасы болып табылады және пациенттердің болжамы мен өмір сапасына елеулі әсер етеді. Қазақстан Республикасында оның маңыздылығы қауіп факторларының кең таралуы мен мамандандырылған көмектің шектеулі қолжетімділігіне байланысты арта түседі, бұл интеграцияланған көпсалалы тәсілді және әрі қарай проспективті зерттеулерді қажет етеді.

Қорытынды. Тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларындағы коморбидті жағдайлардың жоғары таралуы және олардың клиникалық нәтижелерге елеулі әсері кешенді көпсалалы тәсілді, скринингті күшейтуді және Қазақстан Республикасында ұлттық эпидемиологиялық зерттеулерді дамытуды негіздейді.

Түйінді сөздер: коморбидтілік, мультиморбидтілік, созылмалы обструктивті өкпе ауруы (ХОБЛ), бронхиалды астма, созылмалы респираторлық аурулар.

количество просмотров / 👁 47

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған