Алынды: 23.09.2025
Қабылданды: 25.12.2025
Онлайн жарияланды: 20.03.2026
ӘӨЖ: 616.24-002.5-036.87:615.33
DOI: 10.26212/2227-1937.2026.31.75.008
ҚОЗДЫРҒЫШЫ ДӘРІГЕ КӨНБЕЙТІН НАУҚАСТАРДАҒЫ ТЫНЫС АЛУ МҮШЕЛЕРІНІҢ ТУБЕРКУЛЕЗ РЕЦИДИВІНІҢ КЛИНИКАЛЫҚ КӨРІНІСТЕРІ МЕН АҒЫМЫ
Дильмагамбетов Д.С. ¹, Танжарыкова Г.Н. ¹, Алмагамбетова А.С. ¹,
Ермекбаева К.Ж. ¹, Жалимова О.А. ¹, Ильясов Е.Н. ²
¹ «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті» КеАҚ, Ақтөбе, Қазақстан
² ШЖҚ «Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы» КМК, Ақтөбе, Қазақстан
Кіріспе. Қоздырғышы дәріге көнбейтін туберкулез – қоғамдық денсаулық сақтау үшін зор қауіп болып табылады. Қоздырғышы дәріге көнбейтін тыныс алу мүшелерінің туберкулездің рецидиві ерекше клиникалық маңызға ие, себебі бұл жағдай аурудың қолайсыз ағымымен, асқынулардың жиілігінің жоғары болуымен және емнің төмен тиімділігімен сипатталады. Микобактериялардың дәріге төзімділігімен жүретін туберкулез рецидивінің клиникалық ерекшеліктерін зерттеу – диагностика үдерісін оңтайландыру және жекелендірілген емдеу
тактикасын әзірлеу үшін маңызды.
Зерттеудің мақсаты. Қоздырғышы дәріге көнбейтін науқастарда тыныс алу мүшелерінің туберкулез рецидивінің клиникалық көріністері мен ағымын бағалау.
Материалдар мен әдістер. Зерттеуге 2023-2025 жылдары Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығында тыныс алу мүшелерінің дәріге көнбейтін туберкулезімен емделген 131 науқас енгізілді. Негізгі топты туберкулездің қайталануымен «рецидив» және «басқа» типтерімен жіктелген 87 науқас құрады, бақылау тобын алғаш рет туберкулез аңықталған («жаңа жағдай») – 44 науқас. Стационарға түскен кездегі шағымдары,
қауіп факторлары, клинико-рентгенологиялық формалары, қосалқы аурулары, асқынулары, зертханалық және функционалдық көрсеткіштері бағаланды.
Нәтижелер. Негізгі топта ер адамдар (69,0%), қала тұрғындары (70,1%) және тұрақты жұмысы жоқ адамдар (64,4%) басым болды. Науқастардың көпшілігінде ауру медициналық көмекке жүгіну барысында анықталған (86,2%). Ең жиі кездескен инфильтративті (65,5%), фиброзды-кавернозды (21,8%) және шашыранды (11,5%) туберкулез формалары. Екі өкпенің зақымдануы (43,7%), өкпе паренхимасының деструкциясы (83,9%) және бактерия бөлінуі (90,8%) анықталды. Туберкулез асқынулары 90,8% науқаста, ал қосалқы аурулар 81,6%
жағдайда тіркелді.
Талқылау. Алынған нәтижелер тыныс алу мүшелерінің туберкулез рецидивімен науқастардың әлеуметтік және клиникалық жағдайының қолайсыздығын көрсетеді: еңбекке қабілетті жастағы ер адамдардың, қала тұрғындарының және тұрақты жұмысы жоқ тұлғалардың басым болуы аурудың әлеуметтік қолайсыздықпен тығыз байланысты екенін айқындайды. Фиброзды-кавернозды және шашыранды түрлерінің жиі кездесуі, өкпенің
деструкциясымен және бактерия бөлумен қатар жүруі аурудың ұзаққа созылған, асқынған ағымын және дәріге көнбейтінділіктің артуы аясындағы эпидемиологиялық қауіптің жоғары екенін көрсетеді. Асқынулар мен қосалқы аурулардың жиі кездесуі науқастар жағдайының ауырлығын және кешенді емдеу тәсілінің қажеттілігін дәлелдейді. Анықталған ерекшеліктер ерте диагностикалау, алдын-алу шараларын күшейту және емге бейімділікті арттырудың маңыздылығын айқындайды.
Қорытынды. Тыныс алу мүшелерінің дәріге көнбейтін туберкулез рецидиві ауыр клиникалық ағымымен, асқынулар мен қосалқы патологиялардың жоғары жиілігімен сипатталады.
Түйінді сөздер: туберкулездің рецидиві, дәріге көнбейтін туберкулез, қоздырғыштың дәріге көнбейтінділігі, көптеген және ауқымды дәріге көнбеушілік.
количество просмотров / 👁 51